💧 Жаннаттың қақпалары Жаннаттың қақпалары туралы Алла тағала: «Олар үшін қақпалары ашық Ғадын жаннаттары бар»; «(Жаннатта) періштелер оларға әр қақпадан кіреді»; «Олар оған барғанда қақпалары ашылады да, оның сақшылары оларға: «Сендерге сәлем! Қош келдіңдер! Оған мәңгілікке кіріңдер», – деп айтады», – деген.Бұл қақпалардың саны – сегіз. Солардың бірі «Раййан» деп аталады.Сәһл ибн Сағд (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (ﷺ): «Жаннатта сегіз қақпа бар. Олардан бір қақпа «Раййан» деп аталады. Одан ораза тұтқандар ғана кіреді, олар кірген кезде ол жабылып, олардан басқа ешкім кірмейді», – деген. Сондай-ақ басқа да игі амалдар істегендерге арналған қақпалар бар. Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Аллаһ елшісі (ﷺ): «Кім Аллаһ жолында ерлі-зайыптыларға өз мал-дүниесінен қаражат жұмсаса, ол жаннат қақпаларынан шақырылады. Ал жаннатта сегіз қақпа бар: кім намаз оқығандардан болса, намаз қақпасынан шақырылады; кім садақа бергендерден болса, садақа қақпасынан шақырылады; кім жиһад жасағандардан болса, жиһад қақпасынан шақырылады; ал кім ораза тұтқандардан болса, ораза қақпасынан шақырылады», – деген. Сонда Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын): «Уа, Алланың елшісі! Алламен ант етейін, біреу олардың қай-қайсысынан шақырылса да, зиян шекпейді, (бірақ) әлдебіреу олардың бәрінен шақырыла ма?»-деп (сұрағанда, Пайғамбар (ﷺ): «Иә, сенің олардың қатарында болуыңды үміт етемін», – деп (жауап берген). Сонымен қатар Алла елшісі (ﷺ): «Кімде-кім көркем түрде дәрет алып, сосын жанарын көкке көтеріп: «Әшһәду әллә иләһә илләллаһу, уахдәһу лә шәрикә ләһу, уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уә расулуһ», – деп айтса, оған жаннаттың сегіз қақпасы ашылады да, ол олардың өзі қалағанынан кіреді», – деп айтқан. Рамазан айында жаннаттың қақпалары ашылады. Пайғамбар (ﷺ): «Рамазан айы кірсе, жаннат қақпалары ашылып, тозақ қақпалары жабылады», – деген. Хадистердің бірінде Алла елшісі (ﷺ) жаннаттағы қақпалардың кеңдігін сипаттап: «Расында, жаннатта (қақпалардың) екі жақтауының арасы – қырық жылдық жол...», – деген

Теги других блогов: Рамазан Жаннат қақпалар